06 қаң, 2021 сағат 10:17

Трамп қытайлық сегіз қосымшаны пайдалануға тыйым салды

АҚШ президенті Дональд Трамп төлем жүйесіне арналған сегіз қосымшаны әзірлеп шығарған және оларды бақылайтын Қытай компанияларымен қаржы операцияларын жасауға тыйым салды. Бұл туралы жарлыққа ол 5 қаңтарда қол қойған деп жазды Reuters.

Жарлыққа сәйкес, Қытайдың Alipay, WeChatPay, QQWallet пен Tencent QQ, Camscanner, SHAREit, Vmate және WPS Office қосымшаларына тыйым салынды. Ақ үй әкімшілігінің пікірінше, Қытай билігі осы бағдарламалардың көмегімен америкалық мемлекеттік қызметкерлердің жеке деректерін қолға түсіріп, елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

Жарлық президент қол қойғаннан кейін 45 күннен соң, яғни Дональд Трамп президенттіктен кеткен соң күшіне енеді. Трамп өзінен кейін билікке келетін саяси бәсекелесі Джо Байденді Қытайға көзқарасы тым жұмсақ деп жиі сынап жүр.

Қытай сыртқы істер министрлігі Трамптың жарлығын "АҚШ-тың қорқытып-үркіту, өктемдік танытуының мысалы" деп атап, Пекиннің бұған жауап ретінде тиісті шара қабылдайтынын айтты.