АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус Қытайдағы вирусология зертханасынан тарады деп сеніммен айтуға болатындай дәлел барын айтты. Бұған дейін кейбір ғалымдар әлемде жүздеген мың адамның өліміне себеп болған қауіпті вирустың жасанды пайда болуы туралы болжам жасаған еді. Трамп мәлімдемесі солардың айтқанына ұқсас.
30 сәуірде Ақ үйдегі баспасөз мәслихаты кезінде Трамп дәлел барын айтқанмен жай-жапсарына тоқталмады. "Мұны айта алмаймын. Айтуға құқығым жоқ" деді ол.
Трамп мәлімдемесі АҚШ пен Қытай арасындағы коронавирустың шығуына байланысты туындаған салқын қарым-қатынасты одан сайын тереңдете түсуі мүмкін. Дегенмен президент бұл жолы да коронавирус қателіктің кесірінен зертхана аумағынан тарап, Қытай оны тоқтата алмаған болуы мүмкін деген болжамын қайталады.
АҚШ президенті "коронавирустың пайда болуы туралы ақпараттың бұрмалануына Қытай басшысы Си Цзиньпин жауапты ма" деген сұраққа жауап бермеді, бірақ Қытай тауарларына жаңадан баж салығы енгізіледі деп сес көрсетті.
Трамп мәлімдемесінен бұрын АҚШ барлау қызметі коронавирус індеті қытай зертханасында кеткен қателіктен тарауы мүмкін деген болжамды зерттеп жатқанын хабарлаған. Барлау қызметі өкілдері вирус "қолдан жасалмаған, генетикалық тұрғыда өзгермеген, зерттеу осыны дәлелдеді" деп мәлімдеген.