АҚШ президенті Дональд Трамп 8 қаңтар күні елдің жаңа сайланған президенті Джо Байденнің инаугурациясына қатыспайтынын айтты.
"Сұрап отырғандардың бәріне айтарым, мен 20 қаңтардағы инаугурацияға бармаймын" деп жазды Трамп Twitter-аккаунтында.
АҚШ-та президенттің ауысуы биыл ерекше жағдайда өтіп жатыр. Трамп қарашадағы президент сайлауында Байденге жеңілгенін мойындамай, бірнеше штатта дауысты қайта санауды талап етіп сотқа жүгінді, тіпті Жоғарғы сотқа да шағымданды. Оның бәрі Трамп командасы үшін сәтсіз аяқталды, штаттар сайлау нәтижесін растады, Жоғары сот шағымдарды қанағаттандырмады. 3 қаңтар күні Трамптың Джорджия штатының хатшысы Брэд Раффенспергерге соққан қоңырауында оның штаттағы сайлауды өткізуге жауапты ең жоғары лауазымды тұлғаға қысым көрсеткені әшкере болды.
Ал 6 қаңтар күні Конгрестің президент сайлауы нәтижесін бекітуі тиіс ортақ жиыны басталғанда Трамптың ашулы жақтастары конгресмендер отыратын Капитолий ғимаратына басып кіріп, жиынды бұзды. Мұның алдында Трамп Ақ үй алдында жақтастарымен митинг өткізген. Енді демократтар мен кей республикашылдар Трампты жақтастарын зорлық әрекетін жасауға арандатты деп айыптап отыр.
Партияластарының және өзге де тараптардың талабынан соң Трамп билік ауысуы "қалыпты тәртіпте" өтетінін мәлімдеген.
Трамп сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтқанымен, оның өз әкімшілігі сайлау әділетті өтті дейді. Ал вице-президент Майк Пенс инаугурацияға қатысқалы отыр.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байден қызметіне 20 қаңтар күнгі инаугурациядан кейін кіріседі.
Дональд Трамп президенттігінің соңғы сағаттарын қалай өткізетіні туралы ешқандай мәлімдеме жасамады. Reuters агенттігі өзінің дереккөзіне сілтей отырып, қызметінің соңғы күні Трамптың Флорида штатына саяхаттағалы отырғанын хабарлады.
Трамп АҚШ-тың 1869 жылдан бергі тарихында өзінен кейінгі президенттің ант беру рәсіміне қатыспаған алғашқы президент болмақ. 1869 жылы президент Эндрю Джонсон президент Улисс С. Гранттың инаугурациясына бармаған.
Осыған дейін қызметінен кетіп жатқан және қызметке енді келіп жатқан президенттер Капитолийдегі рәсімге бірге баратын. Бұл биліктің бейбіт жолмен ауысып жатқанының белгісі болатын.
6 қаңтар күнгі оқиға салдарынан барлығы бес адам қаза тапты. Соның бірі полиция қызметкері. Конгресс жиыны бірнеше сағаттық үзілістен кейін қайта жалғасты, Байденнің президенттігін бекітіп берді.