14 там, 2018 сағат 09:53

Трамп АҚШ-тың Қазақстандағы елшісін ауыстырмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні өз әкімшілігіндегі тірек лауазымдарға жаңа қызметкерлер келетінін мәлімдеді. Соның ішінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне Уильям Мозердің кандидатурасы ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақ үйдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елші Мозер Қазақстанмен жақсы таныс. Бұған дейін ол АҚШ-тың Алматыдағы дипломатиялық миссиясында энергетика және экономика мәселелері жөніндегі атташе ретінде жұмыс істеген.

Мозер дипломатиялық қызметтегі карьерасын 1984 жылы бастаған. АҚШ-тың Украинадағы, Қазақстандағы, Египеттегі, Суринамдағы, Малидегі және Молдовадағы елшіліктерінде қызмет атқарған.

Соңғы жылдары Мозер мемлекеттік департамент басқармасы бастығының бірінші орынбасары лауазымында АҚШ-тың бүкіл әлемдегі дипломатиялық өкілдіктері ғимараттарын салу және пайдалану жөніндегі жұмыстарды істеген.

Америкалық дипломат Солтүстік Каролина штатында туған, жергілікті университетте білім алған. Ол орыс, неміс, француз тілдерін біледі.

Айта кетейік, елші кандидатурасы ұсынылған соң оны АҚШ Сенаты бекітуі қажет.