20 жел, 2020 сағат 04:06

Трамп АҚШ-қарсы кибер шабуылдың артында Ресей тұр дегенге күмән келтірді

АҚШ президенті Дональд Трамп ауқымды хакерлік шабуыл туралы алғаш рет пікір білдірді. Осыған дейін елдің мемлекеттік департаменті және кибер қауіпсіздік жөніндегі мамандары шабуылдың артында Ресейдің барлау қызметі тұр деген. Трамп бұл тұжырымға күмән келтіріп, шабуылдың артында Қытай үкіметі тұруы мүмкін деді.

Трамп "хакерлік шын өмірден гөрі баспасөз беттерінде көбірек кездеседі" деп, жағдайдың "бақылауда" екенін айтты.

"Ресей, Ресей, Ресей – қандай да бір жағдай болса, бәрінің айтатыны осы, өйткені белді басылымдар мұның Қытай болуы мүмкін екенін талқылаудан қорқады. Оның негізгі себебі қаржыда" деп жазды Трамп Twitter желісінде.

Ақ үй басшысы сондай-ақ сайлау кезінде дауыс беру аппараттарына да хакерлік шабуыл жасалған болуы мүмкін деді, оның сайлауға ықпалын меңзеді. Осы жазбасында елдің қазіргі президенті қараша айындағы президент сайлауында "Мен жеңдім" деп баяғы мәлімдемесін қайталады.

Twitter желісі Трамптың бұл жазбасына "жалған ақпарат" деген белгі қойып, сайлаудың шынайы жеңімпазы Джон Байден екенін, оған 306 электордың дауысы берілгенін, бұл нәтиженің 14 желтоқсанда бекітілгенін ескертті.

Бейсенбі, 17 желтоқсан күні Дональд Трамп әкімшілігі мен жаңа сайланған президент Джо Байден АҚШ үкіметінің компьютерлік желілеріне ауқымды хакерлік шабуыл жасалды деп дабыл қақты.

АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің кибер бөлімі шабуылдың "федералды үкіметке, штаттардың әкімшілігіне, муниципалитеттерге, сондай-ақ аса маңызды инфрақұрылым объектілеріне және жеке сектордағы өзге де мекемелерге едәуір қатер төндіреді" деді.

Шабуылдан зардап шеккендер қатарында АҚШ Энергетика, Қаржы және Сауда министрліктері және Microsoft компаниясы бар.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео америкалық журналист Марк Левинге берге сұхбатында шабуылдың артында Ресей тұрғанын айтты.