"Арабия түбегіндегі Әл-Қаида" экстремистік тобының жетекшісі Касим әл-Райми делінген адам. Суретті 2010 жылы Йеменнің ІІМ таратқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп 6 ақпанда АҚШ әскері "Арабия түбегіндегі Әл-Қаида" экстремистік тобының жетекшісі Касим әл-Раймиді өлтірді деп мәлімдеді. Президенттің айтуынша, содырлар жетекшісі Йеменде терроризмге қарсы операция барысында өлтірілген.
"Енді бұдан былай қарай осы аймақта ошақтары бар "Әл-Қаида" террористік тобы әлсірейді" деді Трамп 6 ақпанда таратқан мәлімдемесінде. Ол Раймидің нақты қашан өлтірілгенін айтқан жоқ.
"Арабия түбегіндегі Әл-Қаида" тобы Раймидің жетекшілік етуімен бейбіт йемендіктерге адам айтқысыз қатыгездік көрсетті және АҚШ әскеріне көп шабуыл жасауға тырысты" деді Трамп.
2015 жылы америкалық әскери ұшқышсыз аппараттың шабуылынан "Арабия түбегіндегі Әл-Қаида" тобының сол кездегі командирі Насир әл-Вухайши қаза тапқан. Кейінірек оның орнын Райми басты. Топ жетекшісі ретінде тағайындалған Райми АҚШ-қа шабуыл жасауға шақырды.
"Америкалықтар, арамыздағы адамдарды неғұрлым көбірек өлтірген сайын соғұрлым екпінімізді күшейтеміз. Егер бір топ жетекшісі өлсе, оның орнына басқа біреу келеді" деді Райми сол кезде таратқан аудиожазбада.