12 там, 2017 сағат 13:37

Трамп: АҚШ армиясы сақадай сай тұр

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея тарапынан жасалуы ықтимал "ойсыз іс-әрекетке" қарсы АҚШ армиясы "сақадай сай тұр" деп мәлімдеді. Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трамп Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын қазіргі бағытынан бас тартар деген үміт білдірген.

Бұған дейін Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі АҚШ басшысын "шиеленісті ушықтырып отыр" деп айыптаған.

Жұма күні Associated Press агенттігі АҚШ пен Солтүстік Кореяның жоғары деңгейдегі өкілдері жасырын дипломатиялық байланысқа шыққаны туралы хабарлаған. Агенттіктің дерек көзінің айтуынша, АҚШ-тың Солтүстік Корея бойынша арнайы өкілі мен БҰҰ жанындағы Солтүстік Корея миссиясы қызметкерінің хат алмасуы екі жақ арасындағы шиеленісті бәсеңсіте алмағанымен, маңызды келіссөздер бастауға негіз бола алады. Солтүстік Корея бұл ақпаратқа қатысты әзірше түсініктеме берген жоқ.

Соңғы уақытта Вашингтон мен Пхеньянның бір-бірінің атына айтқан қатқыл мәлімдемелері әлемнің көптеген елдерінің алаңдаушылығын туғызған. Германия, Қытай және Ресей екі тарапты сабырға шақырған.

АҚШ пен Оңтүстік Корея болса тамызда кең көлемді бірлескен әскери жаттығу өткізуге дайындықты жалғастыра беретіндігін мәлімдеген. Солтүстік Корея бұл жаттығуларды "соғысқа әзірлену" деп атаған еді.

Пхеньянның халықаралық "ядролық оқтұмсықты АҚШ аумағына дейін жеткізе алатын" баллистикалық зымыран сынақтарын өткізгені үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тамыздың 5-і күні Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейту туралы қарар қабылдаған. Пхеньян халықаралық қауымдастық талабына мойынсұнбай отыр.