АҚШ президенті Дональд Трамп 15 адамға рақымшылық жасады. Амнистияға ілінгендер арасында 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің араласуы туралы істе тергеу орындарына жалған ақпарат берді деп танылып, қысқа мерзімдік түрме жазасын алған екі адам бар. Трамп сонымен бірге бес адамның жазасын жеңілдеткен.
Рақымшылыққа ілінгендердің бірі - Трамптың сайлауалды штабының ішкі саясат жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джордж Пападопулос 2016 жылғы сайлау кампаниясы кезінде ресейліктермен байланысы туралы АҚШ федералдық тергеу бюросына жалған куәлік бергені үшін 14 тәулікке қамалған. Ол жазасын 2018 жылы өтеп шыққан. Одан кейін бір жылға пробациялық бақылаумен бостандыққа шыққан.
Ақ үй сол кезде Пападопулос арнайы прокурор Роберт Мюллердің тергеуі барысында “жалған ақпарат бергені үшін” айыпталды деп мәлімдеген. Ал Трамп істің саяси астары барын айтқан.
"Бұл рақымшылық Мюллер командасының көптеген адамға тигізген кесірін жуып-шаюға көметеседі" делінген Ақ үйдің 22 желтоқсан күні таратқан хабарламасында.
Трамп сонымен бірге ресейлік миллиардер, "Альфа-Групп" компаниялар тобының акционері Герман Ханның нидерландтық күйеубаласы 36 жастағы Алекс ван дер Зваанды да кешірді. Ол Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафортқа жұмыс істеген. Кейінірек Мюллер тергеуі кезінде Трамп штабымен байланысын жасырды деп танылып, 30 күнге қамауға алынған, 20 мың доллар айыппұл алған.
Шамамен екі жылға жалғасқан тергеу кезінде Роберт Мюллер Ресейдің Америкадағы сайлауға хакерлік шабуылдар мен әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату арқылы араласқанына дәлел тапты. Алайда прокурор Трамп пен оның жақтастарының Ресеймен сөз байласқанын айғақтай алмады.
АҚШ-та өкілеті аяқталар тұста президенттердің жақын серіктері мен жақтастарына рақымшылық жариялауы жиі кездеседі. Трамп алдыңғы президенттерге қарағанда серіктеріне сирек рақымшылық жасаған.