27 қар, 2025 сағат 15:59

"Келін сәлем салмады": Жуалыда ерлі-зайыптылар сотқа дейін барды

Фото: ашық дереккөз

Жуалы аудандық соты үйлену тойында басталған келіспеушілік кейін тұрмыстық жанжалға ұласқан ерлі-зайыптылардың ісін қарады, деп хабарлайды Ult.kz.

Соттың мәліметінше, ер адамға қатысты іс Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалған. Бұл бап отбасылық-тұрмыстық қатынастарда былапыт сөздер айтуға қатысты.

«Мейрамханадағы үйлену тойы кезінде ер адам жұбайынан ежелгі қазақ дәстүрі бойынша үлкен әпкесіне сәлем салуды өтінген, ал әйелі өтінішті орындаудан бас тартқан. Үйге келген соң ер адам әйелінің осы шешімі үшін оған былапыт сөздер айтқан», - деп хабарлайды Жуалы соты.


Сот мәліметінше, отырысқа қатысқан ер адам өз айыбын толық мойындап, жұбайынан кешірім сұраған. Ол тараптардың медиация арқылы татуласқанын айтып, істі тоқтатуды сұрады. Ал әйелі болса, жанжалдан кейін күйеуі оның анасына хабарласып, «қызыңызды алып кетіңіз» деген сөзіне де кешірім берген.

«Сот қаулысымен медиация тәртібімен татуласқанына байланысты тоқтады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», - деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.