28 сәу, 2021 сағат 13:03

Төтенше жағдай жарияланды: Қарағандыда екі күннен бері полигон жанып жатыр


Өрт сөндірушілер екі тәуліктен астам уақыт бойы Қарағанды қаласынан бірнеше шақырым жерде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы жалынмен күресуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

19-21 сәуірде Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Доскей ауылының маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шықты. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және ұйымдардың күштері жұмылдырылды. Жану алаңы 1200 шаршы метрді құрады. Ол кезде өрт құрықталды. Алайда, төрт күн өткен соң дәл сол полигон аумағын тағы да от шарпып, екі тәуліктен бері жалынмен күрес жүріп жатыр. 

«Полигон қайта жана бастағаны туралы ақпарат 25 сәуірде келіп түсті. Шақыртуға ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері жұмылдырылды. Жану ауданы - 1 га құрады. Отты сөндірудің күрделілігі жану аумағының ауқымдығымен және жанғыш материалдардың көп болуымен байланысты. Сондай-ақ биіктігі 3 метрден асатын қоқыста тұтанған отты сөндіру қатты желдің салдарынан қиындай түсті», - деп мәлім етті Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінен.

Өрт сөндірушілер әлі де отпен күресіп жатыр. Оқиға орнында ТЖД-дан 23 адам және 5 техника жұмыс істеуде.

Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.