15 сәу, 2020 сағат 12:57

Төтенше жағдай режимін бұзған «Bentley» жүргізушісі 15 тәулікке қамалуы мүмкін

Бүгін Алматы облысының Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін «Bentley» маркілі автокөлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысын әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Естеріңізге салсақ, әлеуметтік желіде жүргізуші, полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, қоршау бекетін шапшаң жылдамдықпен өткені туралы видео кең тараған. 

Желіде таралған видеоны автордың өзі көлік салонынан түсірген. 

Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сот отырысында «Bentley» маркілі автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі Д. мен 30 жастағы жолаушы А. 2020 жылдың 10 сәуірінде сағат 16:00 шамасында Алматы-Жандосов тасжолы бойымен Жаңатұрмыс ауылының қиылысқан жеріндегі санитарлық бекетінен шапшаң жылдамдықпен өте шыққан. Олардың полиция қызметкерлерінің талаптарын ескермегені де анықталған.

Сотта құқықбұзушылар өз кінәсын толықтай мойындап, жасаған іс-әрекеттеріне өкінетіндіктерін білдірді.

2020 жылдың 15 сәуірінде сот оларды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 476-бабы 1-тармағында көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағандары үшін кінәлі деп танып, 15 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кеткен жөн, Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, тұрғындар арасында короновирус инфекциясын жұқтыру жағдайын кең таратпау мақсатында, Қазақстан Республикасы Президентінің «ҚР аумағына төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс аумағында шектеу шаралары күшейтілген болатын.

Осыған байланысты, басқа облыспен қиылысқан шекараларда облыс аумағына кіруге шектеу қою үшін қоршау бекеттері қойылған. 

Бірақ, барлық шектеулерге қарамастан, жекелеген азаматтар төтенше жағдай режимін сақтамай отыр.