23 нау, 2020 сағат 14:54

Төтенше жағдай режімін бұзған 143 адамға әкімшілік іс қозғалды

Төтенше жағдай режімін бұзған 143 адамға әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі күні құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің «Санитарлық және гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі үш тергеуді бастады. Төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 476-бабы бойынша 143 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мысалы, дәмханалар мен мейрамханалар рұқсат етілмеген уақытта жұмыс істейді. Жиын-той өткізеді. Осының барлығы адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан да олар жауапқа тартылады. Толықтай алғанда Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы блок-бекеттердегі жағдай тұрақты. Халық енгізілген шараларға түсіністікпен қарауда», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қаулыға қол қойды. Аталған қаулыға сәйкес, коронавирус инфекциясы қолайсыз елдерден келген азаматтардың барлығы 14 күнге карантинге жатқызылады және вирусты анықтауға арналған тест тапсырады. 

«Сөз 1 А санатына кіретін Франция, Иран, Испания, Германия және Италия сынды елдер жайында болып отыр. Қалған елдерден келген азаматтар коронавирусты анықтауға арналған сараптамалар тапсыру үшін стационарлық карантинге 1 күнге оқшауланады. Тіпті, теріс нәтиже болғанның өзінде олар 13 тәулікке үйде оқшауланатын болады», - деді Дәурен Абаев. 

Министрдің айтуынша, транзит арқылы ұшып келген азаматтарға да жіті назар аударылады. Олар барлық сараптамаларды тапсырады. Ал Қазақстан аумағына транзиттік рейстер қонған жағдайда, жолаушылар ұшақ бортынан шықпайды.