«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп эпидемиологиялық жағдайдағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы қазіргі төтенше жағдай аясында бірыңғай дистрибьютор өз жағынан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төтенше жағдайға қарамастан, толығымен дәрі-дәрмекті барлық өңірлерге жеткізіп жатырмыз», - деп атап өтті басқарма төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның айтуынша, 2020 жылға бірыңғай дистрибьютор 1 385 атаулы дәрі-дәрмек бойынша 259 млрд теңгеге шарт жасаған.
«Қазіргі уақытта барлық өңірлердегі медициналық мекемелерге 86 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі толық жеткізілді. Оның ішінде 47 млрд теңгеге дәрі-дәрмек амбулаториялық деңгейде, яғни емханаларға және бірінші медициналық көмек көрсететін мекемелерге жеткізілді. Ал 27 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі тұрғындарға тегін қолма-қол берілді», - деді спикер.
Стационарлық деңгейде жыл басынан бері 39 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілген.
«Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде COVID-19 дертін емдеу үшін вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді - Лопинавир, Ритинавир, Гидроксихлорохин, дене қызуын төмендететін дәрі-дәрмек, антибиотиктерді медициналық мекемелерге қолма-қол жеткізіп жатырмыз. Бірен-саран дәрі-дәрмекті жеткізуде қиындықтар туындады. Әсіресе, Үндістанның шекарасы сәуір айынан бері жабық. Алайда бірыңғай дистрибьютор сатып алу рәсімдерін қазан айынан желтоқсан айына дейін өткізген еді. Желтоқсан айында да дәрі-дәрмек қоры қоймамызда болды. Сол себепті қазір бұл дәрі-дәрмектерді де жеткізуді тоқтатпадық», - деді Берік Шәріп.