ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі төтенше жағдай кезінде қандай ауыл шаруашылығы өнімдерін квота бойынша экспорттауға болатыны және қандай азық-түлік тауарларын елден шығаруға толық тыйым салынғаны туралы жаңа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Министрлікке ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды шектеу және тыйым салу бойынша көптеген сауалдар келіп түсуде. Ақпарат алу үшін фермерлер де, журналистер де жүгінуде. Сондықтан көпті толғандырған сауалдарға нақты және толық ақпарат дайындалды», - делінген ҚР АШМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ағымдағы жылдың 2 сәуірінде республика көлемінде азық-түлік қоры қайта нақтыланып, талдаудан кейін, сондай-ақ трейдерлер мен АШТӨ өтініштеріне байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды шығарудың кейбір мәселелері туралы» №111 жаңа бұйрығы дайындалды. Құжат ҚР сауда және интеграция министрлігімен келісілді және 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін қолданысқа енгізіледі.
Аталмыш нормативтік актте тауарлардың тізбесі қайта қаралған және «Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге жекелеген тауарларды шығаруға тыйым салуды енгізу туралы» 2020 жылғы 22 наурыздағы бұрынғы бұйрықтың күшін жояды.
Атап айтқанда, № 111 бұйрығының № 1 қосымшасында Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салынған тауарлардың тізбесі көрсетілген. Онда:
- қарақұмық;
- ақ қант;
- картоп;
- балғын немесе салқындатылған пияз, шалот пиязы, сарымсақ, порей пиязы және өзге де баданалық көкөністер;
- күнбағыс, ұнтақталған немесе ұнтақталмаған тұқымдары;
- күнбағыс майы;
- қарақұмық жармасы бар.
№ 2 қосымшада елден шығаруға (экспорттауға) шектеулер (квоталар) енгізілетін тауарлардың тізбесі бекітілді. Бұл:
- сәбіз, шалқан (репа), қызылша;
- орамжапырақ, түрлі-түсті орамжапырақ, кольраби, жапырақты орамжапырақ және және Brassica тектес осыған ұқсас жеуге жарамды көкөністер;
- бидай немесе қара бидай ұны;
- жұмсақ бидай және меслин.
№ 3 қосымшада шектеулерді есептеу және бөлу тәртібі белгіленген. Экспортқа енгізілген квоталар және ішкі нарыққа өнімді кепілді жеткізу көлемі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін ай сайын анықталатын болады.
Белгіленген ережелер бойынша ҚР АШМ есепті (келесі) айдың басталуына дейін кемінде 12 жұмыс күн бұрын ресми интернет-ресурста тауарлардың әрбір түрі бойынша квоталар көлемін, тіркелген бағасы бар ҚР ішкі нарығына кепілдендірілген жеткізілімдер көлемін, сондай-ақ өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу күні мен уақыты туралы ақпаратты жариялайтын болады.
Квоталар мен кепілді жеткізілімдер көлемін ҚР АШМ өндіріс, тұтыну, әкімдіктердің қорлардағы азық-түлік көлемі туралы берген ақпаратына сүйене отырып және «Қазақстанның Астық одағының», «Қазақстанның астық өңдеушілер одағының», «Қазақстанның Картоп өсірушілер және көкөніс өсірушілер одағының» ұсыныстары негізінде есептейді.
Квоталарды алу үшін фермерлер мен трейдерлерге есепті ай басталғанға дейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей өз өтінімдерін салалық одақтарға беруі қажет, олар өз кезегінде өтінімдерді қалыптастырады.
Квоталарды есептеу және бөлу ережесімен толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады.
№ 111 бұйрықты мына сілтеме арқылы көруге болады.
Өтінімдер мен басқа да құжаттардың нысандары мына сілтеме бойынша қолжетімді.
«Қорытындылай келе, ҚР тыс жерлерге ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауға тыйым салу және шектеулер төтенше жағдай кезінде халықты үздіксіз және кепілді түрде қажетті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мәжбүрлі және уақытша енгізілгенін шара екенін атап өткіміз келеді. Азаматтарды аталмыш жағдайға түсінушілікпен қарауға шақырамыз. Сондай-ақ, экспортқа қатысты соңғы жаңалықтармен таныс болу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жариялаған хабарландыруларын қадағалап отыруларыңызды сұраймыз.
Кейбір өңірлерде азық-түлік тауарларын өткізе алмай жатса, ал еліміздің келесі өңірінде аталмыш тауарға жетіспеушілік тіркелген. Осыған байланысты ҚР АШМ жергілікті атқарушы органдарды басқа өңірлермен белсенді және жүйелі негізде азық-түліктің қоры немесе жетіспеушіліні туралы ақпараттандыру бөлігінде өзара іс-қимыл жасауға шақырады», - делінген ҚР АШМ хабарламасында.