Елімізде төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 1,5 мыңнан астам азамат әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Сергей Звольский төтенше жағдай режимі аяқталып, ал әкімшілік жазаны өтеу мерзімі бітпеген азаматтардың жағдайы не болатынын сұраған еді.
«Айталық, азамат төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынып, 10 тәулігін өтеді. Ал төтенше жағдай алынып тасталды. Осыған орай менің сұрағым бар. Төтенше жағдай режимі аяқталған мерзімде әкімшілік жазаның орындалу мерзімі аяқталған тұлғаларға қатысты 21-баптың 2-бөлімі қалай әрекет ететін болады? Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғандардың статистикасы қандай және мұндай бұзушылықтарға жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?», - деді депутат.
Бұл сауалға жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, әкімшілік тұтқынға алу туралы шешімді сот шығарады және жаза өтеу мерзімі 5-тен 15-тәулікке дейін белгіленген.
«Егер төтенше жағдай режимін алып тастау туралы шешім қабылданса да жаза толық өтелуі тиіс. Әкімшілік жаза туралы айтар болсақ, 1,5 мыңнан астам адам уақытша ұстау үшін оқшаулағыштарға қамалды. 5 мыңнан астам адамға айыппұл түрінде жаза қолданылды», - деді ол.