17 жел, 2024 сағат 14:10

«Төраға Әбділдин» кім?

Фото: abai.kz


Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда журналист, жазушы Қанат Тілеуханның саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткері Серікболсын Әбділдин туралы «Төраға Әбділдин» деген деректі фильм көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Фото: Ult.kz


Қазақстанның Тәуелсіздік жолындағы күресін баяндап, оған күш саған азаматтың еңбегін көрсеткен деректі фильм саясаткердің ауылының әсем көрінісінен, немересінің, замандастарының естіліктерімен басталады. Одан кейін тәуелсіздіктен бергі оқиғаларды қамтылып, сол кездің оқиғаларын баяндайды. Деректі фильм алдымен «Бірінші Төраға» деп аталмақ болды дейді автор. Алайда ресми атауының басқала аталуын былай түсіндірді:

 

«Серікболсын Әбділдин үкімет басында да, кейін демократиялық күштер, оппозицияның қатарында, халықтың ортасында да төраға болды. Фильм редакторы Бағашар Тұрсынбайұлы газеттерді ақтарып отырғанда қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаев «Құрметті елбасы, ардақты төрбасы» деп қайырылғанын тапты.

Біз алғаш фейсбукке жазған кезде негізгі аты «Бірінші Төраға» болатын. Кейін осы «бірінші», «тұңғыш» деген нәрсені адамдардың жарысуы, алдыға шығуы, ол кісінің оппонентті айтқандай, «бірінші мен жасадым» деген сияқты мағынамен байланыстырмайық деп шештік. Ол кісі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың бірі екенін қолымыздан келгенше айтқымыз келді», – деді фильм авторы Қанат Тілеухан.


Фильм авторының сөзінше, Тәуелсіз Қазақстанға демократиялық құндылықтардың, институттардың қажет екенін айтқан Серікболсын Әбділдаұлы болатын. Ол мемлекетті құрайтын, мемлекетті қалыптастыратын, мемлекеттің құрылысшысы болған тұлға болған.


Фото: Ult.kz


Деректі фильмді тұсаукесерге жиналғандар жылы қабылдады. Саясаткердің қызы Гауһар көзіне жас алып, шығарашылық ұжымға алғыс білдірді. Ал режисссер, сценарист Қалдыгүл Жаныбаева деректі жасаған адамның көзқарасы ұнағанын айтты.


«Біріншіден, фильм құжаттармен өте жақсы толықтырылған. Екіншіден, Серікболсын ағамыздың образы, кемеңгер саясатшы, мемлекет басшысы ретіндегі тұлғасы толық ашылған. Бұл 90 жылдығы қарсаңында біз үшін үлкен олжа. Мұндай кісілердің тұлғасы заман өткен сайын биіктей береді. Мұндай тұлғалар біздің қазіргі қалыптасу дәуірімізде қанша болса да артық емес, – дейді режиссер Қалдыгүл Жаныбаева.


Аталған деректі фильмде Әбілдиннің саясаттағы серіктері, әріптестері Ғазиз Алдамжаров, Серік Әбдірахманов Ғалым Байназаров, Ғалымжан Жақиянов, қазіргі мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи, журналист Асылхан Мамашұлының естеліктері баяндалады.


«Төраға Әбділдин» деректі фильмінің ендігі көрсетілімі Астанада қаласында жоспарланып отыр, одан кейін Youtube желісіне жүктеліп, көпшілікке ұсынылмақ. 


Фото: Ult.kz


Серікболсын Әбділдин 1967 жылдан бастап Қазақ ССР жоспарлау комитетінде біраз уақыт бойы жұмыс істеді. Кейіннен ауыл шаруашылығы министрлігінде басшылық қызметін атқарса, кейіннен Қазақ ССР министрлер кеңесінің Мәскеудегі өкілі болды. Ал 1990 жылы ХІІ шақырылымдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болған.


Серікболсын Әбділдин басшылық еткен уақытта Жоғарғы Кеңес 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» декларацияны қабылдаған. Кейін елдегі саясатқа қарсы болып, оппозицияға кетті. 


Қазақстан коммунистік партиясы төрағасы болған Әбділдин 1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына Назарбаевпен бәсекелес кандидат ретінде қатысты. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, саясаткер аз дауыс жинаған. Бірақ Әбділдин «сайлау нәтижесі бұрмаланды» деп мәлімдеді.


Саясаткер 2019 жылы 31 желтоқсанда 83 жасқа қараған шағында қайтыс болды.