11 қар, 2022 сағат 17:33

Толғағы келген әйелді жеткізбек болған: дәрігерлер оқиғаның мән-жайын айтты


Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасы тасжолда өртенді деген жедел жәрдем көлігіне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Бұған дейін полиция Алматы-Өскемен тасжолында толғатқан әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі өртенгенін хабарлаған еді. Жақын маңдағы полицияның автопатруль қызметі жүкті әйелді ауруханаға жеткізген. Polisia.kz мәліметінше, жедел жәрдем көлігі әрі қарай жете алмаған.

"Дәрігерлер Қабанбай ауылынан толғағы қысып, ауырған жүкті науқасты Үшарал қаласына жеткізбек болғаны белгілі болды. Біздің қызметкерлер Айдын Ғазизов пен Данияр Жақсыгелдинов әйелді дереу полиция патрульіне салып, ауруханаға жеткізді, оған қажетті көмек көрсетілді", - деді Жетісуға облыстық Полиция департаменті ППБ бастығының орынбасары Абылай Беркендіков.

Алайда Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері басқа мәлімет айтты. Олардың айтуынша, көлікте өрт болмаған. Олардың мәліметі бойынша, 36 жастағы жүкті әйелді Алакөл орталық аудандық ауруханасына жеткізу кезінде жол полициясының қызметкерлері санитарлық көлікті Үшарал қаласындағы көпір алдындағы сақинада газ шығаратын түтіктен түтін шыққандығына байланысты тоқтатқан.

"Автокөлікті тексеру кезінде оның себебі анықталды. Беріліс қорабының тығыздағышынан майдың ағуы анықталып, жойылды. Өрт белгілері мен электр сымдары, бояу және қозғалтқыш бөліктерінің зақымдануы анықталған жоқ. Жол полициясының бастамасымен жүкті әйел учаскелік дәрігер мен акушердің бақылауымен Алакөл орталық ауруханасына жеткізілді", - деді дәрігерлер.

Кейінірек жүргізуші аудандық орталық ауруханаға барған. Онда көлікті қосымша аурухананың аға механигі тексерген.

"Өрт белгілері, ақаулар табылмады, соған байланысты жол жүру жалғасты. Қайтар жолда Көгірім асуында оларды жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, олардың бастамасы мен ұсыныстары бойынша жазба жасалған. Қызметкерлер діттеген жеріне аман-есен жетті", - деп толықтырды Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.