15 қар, 2021 сағат 14:04

Төлепберген Байсақалов Дүниежүзілік Азия кинофестивалінде үздік актер атанды


Белгілі қазақстандық актер Төлепберген Байсақалов "От" фильміндегі үздік рөлі үшін Asian World Film Festival (Лос-Анджелес) кинофестивалінде марапатталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі PR Newswire агенттігіне сілтеме жасап.

Фильмде қарапайым адамның оқиғасы баяндалады. Толик (Төлепберген Байсақалов) - мегаполисте өмір сүріп, отбасын асырауға тырысып жүрген үлкен отбасының отағасы. Ол курьер болып жұмыс істейді, отбасын аз жалақыға асырай алмай, басқалар сияқты несие алып, қарызға өмір сүруге мәжбүр. Бірақ қызына үлкен үміт артады. Бір күні жұмыстан оралып, күтпеген жерден Сәуленің жүкті екенін біледі. Бұл жаңалық қызының болашағына арналған жоспарларына әсер етеді. Кейіпкер жағдайды шешуге тырысып, басынан түрлі оқиғаларды өткереді.

"От" фильмінің әлемдік премьерасы Пусандағы (Оңтүстік Корея) халықаралық кинофестивальде өтті. Комедия элементтері кездесетін әлеуметтік драманың режиссері - белгілі режиссер Қанымбек Қасымбековтің қызы Айжан Қасымбек. Бұл - оның алғашқы толық метражды жұмысы. Бұған дейін Айжан қысқа фильмдер түсірді. "От" жобасы ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан қаржыландыру грантын жеңіп алды.

Осыған дейін Төлепберген Байсақалов Сочи кинофестивалінде үздік ер адам рөлі үшін марапатқа ие болған еді.