01 қар, 2021 сағат 02:40

Токиодағы пойызда ер адам 17 жолаушыны пышақтады


Токио префектурасының Тефу қаласында қолында пышағы бар ер адам пойыз жолаушыларына шабуыл жасады. Keio теміржол компаниясына тиесілі пойыздағы оқиға кезінде 17 адам зардап шеккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат NHK телеканалына сілтеме жасап.

Жарақат алған адамдардың ішінде бір науқас ес-түссіз жатыр. Қылмыскер пойызда тез жанатын сұйық төгіп, оны өртеген. Оттан вагонның бірнеше орындығы күйіп қалды. 

Шабуыл пойыз бір стансадан шығып екіншісіне бара жатқан кезде болған. 

Полиция қылмыскерді пойыз келесі платформаға жеткен кезде ұстады. Ер адам тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетпеген. Ол өзінің әрекетін «екі не одан да көп адам өлтіріп, сотта өлім жазасын алғым келеді» деп түсіндірген.

Қылмыс болған желіде пойыздар қозғалысы толық тоқтатылды.