2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада мен Паралимпиаданың ұйымдастырушылары қатысушылардың төсегі қайта өңделген картоннан жасалатынын айтты, деп хабарлайды ВВС.
Токиодағы Олимпиада қалашығының менеджері Такэси Китадзиманың айтуы бойынша, картон төсектер 200 келі салмақты көтере алады және осы тұрғыдан алғанда олар ағаш төсектен де мықты.
«Бірақ, үстінде секіретін болсаңыз, ол да ағаш төсек сияқты қирап қалады», - дейді Китадзима.
Олимпиада қалашығына жалпы 18 мың төсек қойылады, ал Паралимпиада кезінде оның 8 мыңы ғана пайдаланылады.
Еске сала кетсек, Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Ал Паралимпиада 25 тамызда басталып, қыркүйектің алтысы күні аяқталады.