Жапония премьер-министрі Синдзо Абе мен Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах телефон арқылы әңгімеде биылғы Токио олимпиадасын келесі жылғы жазға шегеруге келіскен. Бұл туралы 24 наурызда Абе мәлімдеді.
Жапония билігі ХОК-тан коронавирусқа байланысты Токио олимпиадасын бір жылға шегеруді сұраған.
ВВС сайтының хабарлауынша, ХОК олимпиаданы шегеруді жақын уақытта ресми түрде жарияламақ.
Бұған дейін Канада, Австралия, Ұлыбритания ХОК-тан олимпиаданы кейінге шегеруді талап еткен. Олар Токио ойындары 24 шілдеде басталса, спортшыларын жібермейтінін мәлімдеген.
Токио олимпиадасы 24 шілде - 9 тамыз арасына жоспарланған. Олимпиада ойындары бұған дейін тек соғыс кезінде өтпей қалған.
Әлемде Covid-19 коронавирусы 380 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 16 мыңнан асып кетті. Вирус 190-нен астам елге тарады. 100 мыңнан астам адам дерттен айыққан.