14 қаң, 2022 сағат 23:17

Тоқаевтың жиені қызметінен босатылды

© Photo: Сайт холдинга "Байтерек"

"Бәйтерек" ұлттық холдингі басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Ізбастин қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"2022 жылдың 14 қаңтарынан бастап "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Ізбастин мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты өз өтініші бойынша қызметінен босатылды", - делінген холдинг сайтында.

40 жастағы Қаныш Ізбастин 2021 жылдың наурызында "Бәйтерек" холдингі басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 

2015 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың наурызына дейін "ҚазАгроҚаржы" АҚ басқарма төрағасы болды.

2013-2015 жылдары – "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарушы директоры.

2012 жылы – "КазЭкспортГарант" экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы.

2007 жылдан бастап "ҚДБ-Лизинг" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, кейін осы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы болды. 

Қаныш Ізбастин – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені. Анасы Қарлыға Ізбастина – Мемлекет басшысының туған бауыры.

"Бәйтерек" холдингі – біріктірілген даму институты, оның құрамына еншілес ұйымдар – "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Даму" КДҚ" АҚ, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ, "Kazakh Export" ЭСК" АҚ, "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ кіреді.

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі.