© Sputnik / Владислав Воднев
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қаңтар оқиғалары кезінде шабуылдаушылар бірнеше мақсатты көздегенін мәлімдеді. Солардың бірі - Тоқаевты қорқыту.
Ол президент Қазақстанға шабуыл жасаған 20 мың содыр туралы ақпаратты қайдан алғанына қатысты өз ойын бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Олар "қазір біз оны қорқытсақ, қашып кетеді" деп ойлады. Президентке қатты қысым жасалды. Тоқаев қолданған – 20 мың террорист деген ақпаратты ҰҚК-нің бұрынғы басшылығы берген. Президентке берген ақпараттар арасында "Ақордаға шабуыл жасалады", "елордада бірнеше мың содыр жүр" дегендері де бар. Тоқаев ақпарат вакуумында болды. Күш құрылымдары оны сатып кетті", - деді Ертісбаев журналист Гүлнар Бажкеноваға берген сұхбатында.
Саясаттанушының айтуынша, қаңтардағы оқиғалар кезінде Тоқаевты қолдағандардың бірі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев болды. Нәтижесінде ол өз қызметін сақтап қалды.
"Дегенмен, осы жағдай кезінде ҰҚК, ІІМ, арнайы қызметтер, Ішкі әскер және т. б. қайда болуға тиіс еді? Олар адамдармен бірге алаңда болып, жұмысын жалғастыруы керек еді. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті толықтай шетте қалуды ұйғарды", - деді Ертісбаев.
Биыл қаңтар айындағы оқиғалар барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шабуыл жасаған бандиттер мен террористер жақсы оқытылып, ұйымдастырылғанын мәлімдеді.
Президент Алматыда лаңкестік шабуылдардың кем дегенде алты толқыны болғанын, ал содырлардың жалпы саны 20 мыңға жуық екенін айтқан еді.