Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге қарсы бағытталған қылмыстарды мұқият тергеуді тапсырды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
"Президент құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырды. Қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс", - деп жазды ол Facebook-парақшасында.
Еске салайық, 15 қаңтарда Алматыда журналист Динара Егеубаеваның көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткен еді. Күдіктілердің сөзінше, олар белгісіз адамнан интернет арқылы тапсырыс алған.
Ал 19 қаңтарда әлдекімдер журналист Вадим Борейконың үйінің есігіне монтаж көбігін жағып кеткен. Борейко бұзақылар өрт қойғысы келген болуы мүмкін екенін де айтады.