Мемлекет басшысы өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте Үкімет мүшелерінің баяндамаларын талқылау барысында білім беру жүйесінің үштілділік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды. Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали фэйсбуктағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бұл - өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», - деді Қазақстан Президенті.
Айта кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үштілділік туралы идеясы алғаш рет 2006 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында айтылды. Ол кезде Тұңғыш Президент кем дегенде үш тілді білу біздің балаларымыздың болашағы үшін өте маңызды деген болатын.
Содан соң Назарбаев "Үш тілде білім беруді дамыту жол картасын" дайындауды тапсырды. Бағдарламалық құжатта 2015-2020 жылдарға 7 стратегиялық бағыт қамтылған: заңнамалық базаны құру, үш тілде білім беру мәселелері бойынша ғылыми қызмет, үш тілде білім беруді әдістемелік қамтамасыз ету, мамандарды дайындау және білімді жоғарылату, үш тілде білім беруді институционалды қолдау, үш тілде білім беруді ақпараттық қолдау, сонымен қатар білімді қаржыландыру.