01 нау, 2022 сағат 13:24

Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету тұрғысында болуы тиіс. 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өзінде қабылдаған ел ретінде біз еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы ұстанымын қолдаймыз. Бұл жайында мен 10 ақпандағы Мәскеуге сапарым барысында да айттым. Тұтастық ұстанымы және қауіпсіздіктің ортақтығы өзара сенім негізіндегі өзара түсіністікті білдіреді. Өкінішке орай, мұндай жағдай орын алған жоқ. Минск келісімі қағаз күйінде қалып қойды. Бұл Украина аумағындағы әскери іс-қимылға алып келді. Геосаяси ахуал теңдессіз түрде шиеленісті», - деді Мемлекет басшысы «Аманат» партиясының кезектен тыс съезінде. 

Сондықтан Қазақстан Президенті екі мемлекетті де уағдаластық пен келісімге келуі үшін келіссөздер үстеліне отырып, ортақ тіл табуға шақырды. 

«Басқа жолы жоқ. Бейбіт өмірсіз даму да болмайды. Қазақстан өз тарапынан барлық жәрдемін, оның ішінде арағайындық қызметін көрсетуге дайын. Әрине, егер ол қажет болса», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.