Коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысына көңілі толмайтындығын ашық айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Еңбек ұжымдарында, жекелеген жұмыс майдандарында коронавирустың бірнеше мәрте өршігенін ескере отырып, кәсіпорындардың, әсіресе жүйелі әрі қала құраушы кәсіпорындардың жұмысшыларын белсенді иммундау қажет. Вакцинацияның ұзаққа созылуы – бұл абсрактілі емес проблема. Сөз елдің ұлттық қауіпсіздігі жайында болып отыр. Бұл - қосымша науқастар және азаматтарымыздың өлім-жітімі. Бұл - бизнестің табыстан айырылуы, бюджетке салықтың толық түспеуі, ұлттық байлықтың жалпы төмендеуі», - деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте ҚР Президенті еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысына көңілі толмайтындығын ашық айтты.
«Алексей Владимирұлы, бұған дейін сізге дәл қазіргі кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтегі басты фигура екендігін айтқан едім. Сіздің ерекше өкілетіңіз бар. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз. Дегенмен одан кейін қарқынды айтарлықтай төмендетіп жібердіңіз. Сәуір айы ішінде жағдайды түзетуіңіз керек. Олай болмаған жағдайда сіздің көңіліңізді қатты қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, сонымен бірге бүкіл Үкіметке қатысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан халықты вакциналау қарқыны жағынан көшбасшы мемлекеттерден әжептәуір артта қалғанын атап өтті. Айтуынша, бүгінгі таңда иммунизация курсын 47 мыңға жуық адам аяқтаған (бірінші компонент 137 346 адамға егілді). Мұндай жағдайға вакцина тапшылығы себеп болып отыр.
"Үкімет "Спутник V" бойынша уағдаластық пен отандық вакцина өндірісі елдің вакциналау қажеттілігін толығымен өтейтініне сендірді. Осы ақпараттың негізінде мен 1 ақпаннан жаппай вакциналау басталатынын жарияладым. Алайда екі ай ішінде екпе алғандардың саны 0,1%-ке де жетпейді! Енді маған басқа мемлекет басшыларымен қосымша вакцина жеткізу туралы уағдаласуға тура келеді... Біз жеткізуді жеделдету үшін өзімізге тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз", - деді Президент.