01 мам, 2020 сағат 18:57

Тоқаев ТМД тағдырына қатысты пікір білдірді

Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы басты міндет - экономикалық және сауда байланыстарын сақтау. Бұл туралы «МИР» телеарнасына сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан - Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясындағы посткеңестік кеңістіктегі экономикалық және басқа да байланыстардың нақты жақтасы. Барлығына белгілі болып отырғандай, экономика ТМД мемлекеттері экономикалық ынтымақтастығының локомотиві саналады. Достастықтағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту әсіресе қазіргі жағдайда күн тәртібіндегі басым міндет болып отыр. Сауда саласындағы біздің өзара іс-қимыл тетіктеріміз 2011 жылы қол қойылған еркін сауда аймағы туралы шарт аясында қамтамасыз етілген. Көп жағдайда осы құжаттың арқасында біздің сауда-экономикалық қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілді», - деді Мемлекет басшысы. 

Мәселен, ҚР Президентінің мәліметінше, Қазақстан тауар айналымының орташа есеппен 25 пайызы ТМД бойынша серіктестеріне тиесілі болып тұр. Кейбір мемлекеттер үшін бұл көрсеткіш 60 пайызға да жетіп қалады. 2018 жылы ТМД ішіндегі тауар айналымы 191 млрд доллардан асып жығылып, 12 пайызға жуық өсім көрсетті. Оң тенденция өткен жылы да байқалды. 

«Өкінішке қарай, бүгінгі күні сыртқы себептердің және құбылмалық халықаралық нормалардың ықпалымен протекционистік риторика Достастық мемлекеттері үшін де нормаға айналып келеді. Өз өндірушілерін қорғау ТМД аясында қол жеткізілген уағдаластықтардан жоғары қойылуда. Меніңше, бұл тенденция поствирустық кезеңде күшейе түсуі мүмкін. Бүгінде індеттен туындаған жаһандық дағдарыс жағдайында және шикізаттық тауарлар бағасының құлдырауы аясында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы басты міндет экономикалық және сауда байланыстарды сақтау болып отыр», -деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті аталған одақ аясында капиталды ілгерілету, қызметтер, жұмыс күші, және сауда еркіндігі бар екенін баса айтты. 

«Ендігі уақытта сауда 4 еркіндіктің бастысына айналады. Өкінішке қарай, дағдарыс кезінде ішкі нарықтарда жаңа кедергілер пайда болады. Қазіргі кезеңде одан қашып құтыла да алмайтын сияқтымыз. Бірақ олардың уақытша екені және қарым-қатынастарымыздың нормасына айналмауы маңызды. Бірлескен жобаларды қаржыландыру үшін біріккен жобамыз - Еуразиялық даму банкінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз қажет. Әсіресе, постдағдарыс кезеңінде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.