02 жел, 2020 сағат 17:22

Тоқаев: Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтату туралы келісім – тарихи шешім

Қасым-Жомарт Тоқаев бейне конференция форматында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Саммитке Қазақстан Президентімен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян, Қырғызстан Президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов, сондай-ақ, ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.

Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты. ҰҚШҰ-ның 2020 жылғы басым бағыттарының іске асырылуы қорытындыланып, алдағы жоспары нақтыланды.

Террорлық сипаттағы заманауи сын-қатерлер мен тегеуріндерге қарсы іс-қимылдар және олармен күресуге бағытталған нақты шараларға, есірткінің заңсыз айналымына, кибер қауіпсіздік саласындағы бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Саммит қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде шараны ұйымдастырғаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдіріп, ҰҚШҰ-ға төрағалық етудегі Ресей тарапының жоғары кәсібилігін және бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды 2021 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндетін қабылдап алуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қарым-қатынастардағы мүдделер қайшылығының шиеленісе түсуімен сипатталатын өңірлік және жаһандық қауіпсіздік саласындағы қазіргі ахуал туралы айта келе, Таулы Қарабақтағы әскери қимылдардың тоқтатылуына себепші болған Ресей Президенті Владимир Путиннің бітімгершілік рөлін жоғары бағалады.

– Ресей тарапының белсенді қатысуымен қол жеткізілген келісім – дағдарыс кезінде қабылданған жалғыз әрі дұрыс шешім. Менің ойымша, аталған келісім өңірде бейбітшіліктің ұзақ мерзімге орнауына себепші болмақ. Бұл – шын мәнінде тарихи шешім, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, коронавирус пандемиясының салдарынан туындап, әлемдік саясат пен экономикада жалғасып келе жатқан ауыр жағдай өзара салынған санкциялардың, шектеулер мен сауда соғыстарының себебінен ушыға түсуде. Экстремизм мен терроризм, есірткі бизнесі, кибер қауіпсіздік, заңсыз миграциямен байланысты жаңа жаһандық сын-қатерлер мен тегеуріндердің күшейе түсуі алаңдаушылық тудыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мұндай жағдайда бейбітшілікті нығайту, барлық аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекетаралық іс-қимылдардың нақты тетігі ретінде ҰҚШҰ-ның рөлі артып келеді.

Қазақстан Президенті Саммит қатысушыларына елімізде алдағы уақытта болатын парламент сайлауы, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан бірқатар демократиялық реформалар жөнінде  айтты. Сонымен қатар сайлау кезінде елімізге ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерден, сондай-ақ, ТМД және ҰҚШҰ Парламенті ассамблеяларынан бақылаушылар күтетінін жеткізді.  

Мемлекет басшысы Ұйымды одан ары дамытуға, сондай-ақ, жаңа институт құруға, Бітімгерлік мәселелері бойынша ҰҚШҰ Бас хатшысының арнайы өкілін тағайындауға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, ҰҚШҰ жұмысына атсалысу – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы халықаралық саясаттағы елеулі фактордың бірі екені және Еуразия құрлығының басым бөлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оң рөл атқаратыны қуантады. Біз бұрынғыдай бейбітшілікті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтарымыздың өсіп-өркендеуі үшін тиімді шешімдерді іздестіру жолында әріптестерімізбен одан әрі белсенді түрде өзара күш жұмылдыруға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын және әділ әрі орнықты әлем құру жөнінде Саяси мәлімдеме қабылдады. 

Сессия барысында қабылданған құжаттар ҰҚШҰ қызметінің өзекті салаларын одан әрі нығайтуға бағытталады, сондай-ақ, Ұйымның ашықтығын, басқа мемлекеттермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін көрсетеді.

Ұйымға төрағалық ету міндеті Ресейден Тәжікстанға өтті. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің келесі сессиясы 2021 жылы Тәжікстанның аумағында болады. 

*** 

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша 15 құжат мақұлданып, қабылданды: 

1. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы.

2. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің әділетті және орнықты әлемдік ахуал қалыптастыру туралы мәлімдемесі.

3. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің 2021-2025 жылдарға арналған әскери ынтымақтастықты дамыту жоспары туралы» шешімі.

4. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің 2021-2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы туралы» шешімі.

5. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында әскери мақсатта бірлесе әзірленетін және өндірілетін өнімдердің өмір бойы сапасын қамтамасыз етудің және оған бақылау жасаудың кешенді әрі жүйелі тұжырымдамасы туралы» шешімі.

6. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» шешімі.

7. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бітімгерлік күштеріндегі қызметшілерді дайындау жөніндегі базалық оқу-әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыру туралы» шешімі.

8. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің бітімгерлік контингентінің құрамы мен орналасуы жөніндегі Хаттамасы туралы» шешімі.

9. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығындағы квоталық лауазымдарды бөлу туралы» шешімі.

10. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2019 жылға арналған бюджетінің жұмсалуы жөніндегі есебі  туралы» шешімі.

11. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2021 жылға арналған бюджеті туралы» шешімі.

12. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының наградаларымен марапаттау туралы» шешімі.

13. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Ұйымға төрағалық ету, Ұжымдық қауіпсіздік қеңесінің кезекті сессиясының өткізілу уақыты мен орны туралы» хаттамалық шешімі.

14.  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Әскерін (Ұжымдық күштерін) материалдық-техникалық және медициналық тұрғыдан бірлесіп қамтамасыз ету туралы келісім. (Құжат ҰҚШҰ органдары қарап, келісім берген соң, сондай-ақ, халықаралық шарттарға қол қою үшін қажетті мемлекеттік ішкі рәсімдерден кейін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне қол қоюға жіберіледі).

15. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2007 жылғы 6 қазандағы Бітімгерлік іс-қимылдар туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама. (Құжат халықаралық шарттарға қол қою үшін қажетті мемлекеттік ішкі рәсімдер аяқталғаннан кейін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне қол қоюға жіберіледі).