15 ақп, 2020 сағат 15:08

Тоқаев «Siemens AG» компаниясының атқарушы директорымен пікір алмасты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джо Кэзер Қазақстан мен «Siemens AG» компаниясы арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың перспективаларын талқылады. Әңгімелесу барысында цифрландыру мәселелеріне баса мән берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыттың аса маңыздылығын атап өтіп, Джо Кэзерге Қазақстанда енгізіліп жатқан цифрлық технологиялар туралы айтты.

– Цифрландыру ісін дамыту – Мемлекет басшысы ретінде, мен үшін де, біздің Үкіметіміз үшін де аса маңызды. Біз осы сала бойынша көптеген табысты жобаларды жүзеге асырдық. Дегенмен, алға жылжу үшін шешілуі тиіс бірқатар мәселе бар. Экономиканы цифрландырмай, айтарлықтай табысқа қол жеткізу өте қиын, – деді Қазақстан Президенті.

Джо Кэзер «Siemens AG» компаниясының Қазақстанмен өзара ықпалдастығын жоғары бағалап, жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.

Кездесуде Қазақстан Үкіметі мен «Siemens AG» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның маңызды рөл атқаратыны айтылды. Бұл құжат сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға тың серпін береді. Аталған меморандумға 14 ақпанда қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы аясында қол қойылды.