Біліктілік деңгейі тең шетелдік және жергілікті жұмысшыларға бірдей жалақы төлеу мәселесін бақылауға алу керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.
«Біліктілік деңгейі тең шетелдік және жергілікті жұмысшыларға бірдей жалақы төлеу мәселесін бақылауға алу керек. Бірдей жұмысқа әртүрлі жалақы төлеуге жол беруге болмайды.
Әрине, біздің жұмысшыларымыз білім деңгейі және жұмыс тәжірибесіне қойылатын жоғары талаптарға сай келе ме деген сұрақ - басты мәселе екені түсінікті», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент білікті мамандарды еш алаламай, лайықты жалақысын төлеу керектігін де жеткізді.
«Қалғанын оқытып, үйретіп, қажет деңгейге жеткізуіміз керек» - деді Мемлекет басшысы.
СОндай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде барлық компаниялар арасында әділ және адал бәсеке болуы керектігін айтты.
«Жергілікті өнім өндірушілер үшін тең құқылы жағдай жасау керек. Қазір салық және басқа да бюджеттік төлемдер бойынша тек шетелдік жеткізушілерге жеңілдік бар.
Соның кесірінен, біздің кәсіпкерлер байқауға қатысуға әрекет те жасамайды, себебі, одан еш пайда жоқ екенін біледі. Импорт өнімі бәрібір арзанға түседі», - деді Президент.
Сонымен қатар ол бұл мәселені жүйелі шешу қажет екенін ескертті.
«Бұл - біздің жүйелі мәселеміз, оны Үкімет жедел түрде шешіп, жағдайды өзгертуі тиіс. Барлық компаниялар арасында әділ және адал бәсеке болуын қамтамасыз ететін нақты, айқын жүйе жасау керек. Бұл бәріне пайдалы болады», - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.