Қазақстан Президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Ақордада Тайланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті Елшісі Расса Джаличандрадан, Иордания Хашимиттік Корольдігінің Төтенше және өкілетті Елшісі Юсеф Әбделғанидан, Венесуэланың Төтенше және өкілетті Елшісі Энрике Антонио Акунья Мендозадан сенім грамоталарын қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілердің бәрін Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.
Мемлекет басшысы Расса Джаличандрамен кездесу барысында Тайландтағы сайлаудың табысты өтуімен және елдің жаңа Премьер-Министрінің сайлануымен құттықтады.
– Қазақстан мен Тайланд барлық салада, соның ішінде саяси, экономикалық және мәдени бағыттарда достық қатынастарды жемісті дамытып келеді. Тайландқа біздің елімізден туристер көп барады. Сіздің еліңіз – қазақстандықтардың сүйікті жерлерінің бірі. Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға септігіңізді тигізетініңізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Юсеф Әбделғанимен кездесуде Қазақстан мен Иордания арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың жақсы дамуына Король ІІ Абдалла зор үлес қосты. Бүгінде екіжақты ынтымақтастық өзара достық пен сенім негізінде табысты дамып келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Энрике Мендозамен кездесуде өзара байланыстардың одан әрі нығая беретініне сенім білдіріп, дипломатиялық жұмыста табыс тіледі.
– Елші мырза, жаңа қызметіңізбен құттықтаймын. Сіз Қазақстандағы Венесуэланың бірінші Төтенше және өкілетті Елшісі болғандықтан, екі тарап үшін де бұл сенім грамотасын тапсыру рәсімінің маңызы зор. Басшыларыңыздың біздің елімізде елшілік ашу және дипломатиялық миссия басшысы ретінде сізді жіберу жөніндегі шешіміне ризашылық білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.