12 жел, 2019 сағат 06:06

Тоқаев Роза Рымбаеваға құрметті атақ берді

Мемлекет басшысы Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваны наградтау туралы Жарлыққа қол қойды. 

"Ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының әртісі Роза Рымбаеваға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын", - деп жазылған Қаулыда.

Роза Рымбаева 1957 жылы 28 қазанда Семей облысы, Жарма ауданы, Жаңғызтөбе станциясында туған. Ата-анасы оның есімін Роза Бағланованың құрметіне қойыпты.

1974 жылы Семейдегі музыкалық училищеге түсіп, 3 жыл оқиды. Бұдан кейін Алматыдағы театралдық-көркем өнер институтында оқып, оны 1984 жылы тәмамдайды. Алматы қаласындағы театрлық көркемдік институттың музыкалық драмалық комедиясы факультетін бітірген.

Роза Рымбаева 1977 жылы Болгариядағы "Золотой Орфей" фестивалінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға арналған "Әлия" әнін шырқаған соң ерекше танымал болды. Ол гран-при ұтып алды. 

КСРО-да Алла Пугачева мен София Ротару сынды үлкен танымалдылыққа ие болды.

Сондай-ақ, президент жарлығымен өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін дәл осындай құрметті атаққа "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС филиалы – "Жезқазғантүстімет" кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Мәкішев ие болды. 

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.