12 қаң, 2022 сағат 23:35

Тоқаев мемлекеттің басты міндеттерін атады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басты міндеттерін атады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекеттің басты міндеті – отандастарымыздың игілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету. Әділ бәсекені дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы – жаңа экономикалық бағыттың негізгі қағидалары", - деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.

Мемлекет басшысы Үкімет ұлттық валютаның тұрақты бағамын қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс екенін де баса айтты.

"Теңгені бекемдемей және инфляцияны төмендетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, инвесторлардың сеніміне ие болу мүмкін емес", - деп жазды Тоқаев.

Одан бөлек, Президент өңірлер арасындағы даму алшақтығын еңсеруге баса мән беру керек екенін ескертті.

"Жұмыспен қамту мәселесін шешіп, еліміздің барлық облысының әлеуметтік және мәдени дамуына жағдай жасау керек. Аймақтарда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады", - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Тоқаев «Қазақстан Халқына» қоры туралы тоқталды.

"Жалпыхалықтық «Қазақстан Халқына» қоры азаматтардың нақты проблемаларын шешуге қызмет етеді. Қор сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларды емдеуге көмектесіп, әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысын қаржыландырады. Алматыны қалпына келтіруге қаржы бөлінеді" - деп қосты Президент.