Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы және Үкіметтің биылғы 2 айда атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өндірісі – 2,7 пайызға, ауыл шаруашылығы – 3,6 пайызға, құрылыс – 2 пайызға, қызмет көрсету саласы – 3,9 пайызға өскен. Экономиканың түрлі салаларының да жақсара түскені байқалады.
Қазақстан Президенті Ұлт жоспары аясындағы құрылымдық және институционалдық реформаларды, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасының жолдаулары мен тапсырмаларында қамтылған әлеуметтік саладағы шараларды сапалы жүзеге асыруды, бюджет қаражатын тиімді игеру тұрғысынан негізгі мемлекеттік бағдарламаларды орындауды, экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды, еліміздің жекелеген аймақтарында су тасқынына тосқауыл қою шараларын жедел қабылдауды тапсырды.
Премьер-Министр Мемлекет басшысына Үкімет тарапынан бюджеттік міндеттемелер мен әлеуметтік бастамалардың барлығының толықтай орындалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның негізсіз өсуін болдырмау және экономикалық өсімнің сапасын арттыру үшін тиісті жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.