Фото: AP Photo / Vladimir Tretyakov
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға жаппай тәртіпсіздіктер кезінде, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілгеннен кейін ұсталған адамдарға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде және төтенше жағдай енгізілгеннен кейін түрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін 2 мыңға жуық адам ұсталды. Қылмыс жасаған адамдар заң бойынша жауапқа тартылады. Бас прокуратураға басқа адамдардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды тапсырамын. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн", - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Бұған дейін Алматы комендатурасы қалада тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ұсталғандар саны 2 мыңнан асқанын мәлімдеді.
Алматының құқыққорғаушылары бүлік пен тонауға қатысқан адамдарды іздестіру және ұстау жұмысын жалғастыруда. Олардың мекенжайы туралы ақпарат қала тұрғындарынан да түсіп жатыр.
Тәртіп сақшылары 67 бірлік атыс қаруы мен 3 112 оқ-дәрі тәркілеген.