Мемлекет басшысы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяны қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы ақпарат берілді.
Күнсұлу Закарьяның мәліметіне сәйкес бүгінгі таңда институттың базасындағы бес платформада коронавирусқа қарсы вакциналар дайындалуда. Институт әзірлеген белсенді емес вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында мақұлданып, клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінен өтті және қазіргі уақытта Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығында зерттеудің екінші кезеңі жүргізіліп жатыр.
Коронавирус індетіне қарсы әзірленіп жатқан отандық екінші суббірлікті вакцина ДДСҰ тарапынан мақұлданып, клиникалық зерттеулерден сәтті өткен. Бұл вакцинаның материалдары Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында қаралып жатыр.
Президентке Қазақстанда бұрын-соңды болмаған иммундық препараттар шығаратын зауыт құрылысы туралы да мәлімет берілді. Ғылыми-зерттеу институтында отандық вакциналар шығаратын зауыт құрылысы жүргізілуде. Зауыттың жобалық қуаты жылына 60 миллион мөлшерде вакцина шығаруға жетеді. Осы арқылы отандық нарықты ғана қамтып қоймай, оны экспорттауға да мүмкіндік туады. Аталған зауыт іске қосылған кезде еліміз импорттық тәуелділіктен арылады.
Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру ұсынысын қолдады. Сонымен қатар кездесуде қызметкерлердің жалақысын көтеру, аталған салаға жас мамандарды көптеп тарту, нормативтік-құқықтық актілерге вакцинаны уақытша тіркеу түсінігін енгізу мәселелері қозғалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакциналарды дайындау ісіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.