05 мам, 2020 сағат 05:35

Тоқаев: Кез келген күрделі кезең адам­ның жігерін жанып, рухын қайрайды

Кез келген күрделі кезең адам­ның жігерін жанып, рухын қайрайды. «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды.

«Төтенше жағдай күнделікті өмірі­мізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспар­ланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады», - деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті. 

«Көптеген азаматтар қиын сәтте елге қызмет етудің озық үлгісін та­ныт­ты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрі­­нісі. Кез келген күрделі кезең адам­ның жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлем­­ге жайылған індет тұсындағы ахуал хал­­қы­­мызды одан әрі ұйыстыра түсетіні анық.

Осы ретте, ұлы Абайдың «Тоқтау­лылық, қалыпты шыдамдылық – бұл қайраттан шығады, білсең керек» деген өлең жолы ойға оралады. Шын мәнінде, табандылық пен төзімділік танытсақ, қиындыққа төтеп береміз. Еліміз бұл қиындықтан ширап әрі шыңдалып шы­ғады деп толық сеніммен айта аламын. Барлық қиындықты бірге жеңеміз!», - деді Қазақстан Президенті.