Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясының таралуына байланысты елімізде Төтенше жағдай жарияланып, елордада карантин енгізілгеннен кейін Жібек жолы ауылы маңына қойылған №6 бақылау-өткізу бекетіне барып, жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Президенті карантин режимін қамтамасыз ететін қала әкімдігінің, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардияның әскери қызметшілерінің дайындығына оң баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкімінің, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Қорғаныс министрлерінің коронавирус індетіне қарсы күресу үшін қабылдаған шаралары жайындағы есептерін тыңдады.
Еліміздегі медицина қызметкерлерінің пандемияға қарсы күрестегі ауыр еңбегін атап өткен Мемлекет басшысы, оларға ризашылығын білдіріп, еңбекақылары мен сыйақыларын уақытылы әрі толық көлемде берудің маңызды екенін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминге аса қолайсыз әлемдік конъюктура жағдайында экономиканы басқарудың жаңа әдістерін әзірлеу қажеттігін айтты.
– Кез келген қолайсыз жағдайға, тіпті аса күрделі ахуалға, сондай-ақ, экономиканы мобилизациялайтын қадамға да әзір болуымыз керек. Қысқасы, сақадай сай болған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне, Ішкі істер министрлігі мен басқа да ведомство қызметкерлеріне табыс тілеп, карантин енгізудің себептерін түсіндірді.
– Қазіргі жағдайда карантин енгізбесе болмайды. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Мұндай кезде нақты әрекет жасап, ұйымшылдық таныту керек. Сондықтан карантин енгізу сияқты тәсілдерді қолдануға тура келеді. Азаматтарымыз қабылданған шараларға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Мұның бәрі халқымыздың денсаулығын сақтау үшін істеліп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті Телерадиокешені жариялаған видеода Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаладағы жағдай туралы баяндайды.
Алтай Көлгінов қазіргі уақытқа дейін қалаға 3600-ден астам автокөлік кіргенін мәлім етті. Олармен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен транзит арқылы кететіндер келген. Транзитпен келгендер қалаға кірмей, айналма жол арқылы шығып кетіп жатыр.
«Елордада қазіргі уақытта 47 мың тонна астық бар. Айлық қажеттілік – 38 мың тонна. Ең маңызды азық-түлік бойынша бағаны тұрақтандырып жатырмыз. Азаматтарға қажет болмаған жағдайда көшеге артық шығудың қажеті жоқ деп айтудамыз», - деді Президентке елорда әкімі.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгінде Нұр-Сұлтанда 7 науқастың анықталғанын жеткізді.
Министрдің айтуынша олармен байланыста болғандарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Дәрігерлер қалаға кіріп жатқан азаматтардың температурасын өлшеп, қолына коронавирус жайлы анықтама парағын беруде.