21 ақп, 2022 сағат 15:10

Тоқаев: "Қаңтар оқиғасынан" кейін мен кек алуға ұмтылмаймын


Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорда резиденциясында 7 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Сенім грамоталарын Моңғолия елшісі Дорж Баярхуу, Грекия елшісі Эфталия Какиопулу, Индонезия елшісі Мохамад Фаджрул Рахман, Марокко елшісі Мухаммед Рашид Маанину, Канада елшісі Алан Уилфред Хэмсон, Израиль елшісі Эдвин Натан Ябо Глусман, Мажарстан елшісі Отто Иван Рона тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, еліміздегі игі міндеттерін орындау барысында оларға Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Үкіметі тарапы жан-жақты қолдау көрсететінін және көмектесетінін айтты.


Мемлекет басшысы 2022 жылдың тарихи дата, яғни Қазақстан мен олардың елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы екенін атап өтті.

– Осы жылдар ішінде біз барлық сала бойынша жан-жақты серіктестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қойдық. Бұл бағыт тұрақты саяси диалогты, қарқынды экономикалық ықпалдастықты және белсенді гуманитарлық байланыстарды қамтиды. Ең бастысы, біздің қарым-қатынасымыз мызғымас достыққа, ортақ құндылықтарға және өзара қолдау көрсетуге негізделген, – деді Президент.


Мемлекет басшысының пікірінше, бұл биылғы жылдың алғашқы күндері ішкі және сыртқы деструктивті күштер Қазақстанға ауыр әрі қатыгездікпен шабуыл жасағанда анық көрінді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың табандылығы мен ұжымдық парасаттылығының арқасында мемлекеттік төңкеріс жасаушыларға тойтарыс берілгенін, ал бүлікшілер мен бұзақылардың жауапқа тартылғанын жеткізді.

– «Қаңтар оқиғасынан» кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Ел Президенті ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын ұсындым. Бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерімізден бас тартпай, өткен кезеңде жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға негізделген. Менің жасампаз жұртым бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі, болашағынан үміт күтетін және өз мемлекеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтауға белін бекем буған халық болып шығады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  


Қазақстан Президенті халықаралық серіктестерін еліміз бастан өткеріп отырған осындай сын сағатта Қазақстанға деген берік ынтымақтастығын танытуға шақырды.

– Менің Әкімшілігім өз тарапынан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырады, инвестициялық келісім-шарттарға қол сұғылмауын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлықпен тоқтаусыз күреседі.  Сіздерді пандемиядан кейінгі кезеңде өздеріңіздің дипломатиялық және саяси мол тәжірибелеріңізді екіжақты қатынастарымызды жаңа биікке көтеру үшін пайдалануға шақырамын. Қазақстан сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты нығайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.


Президент Моңғолия елшісіне екі мемлекеттің тарихи жақындығы жөнінде айтып, Монғолия мен Қазақстанның Шығыс Азиядағы маңызды серіктесінің бірі екеніне назар аударды.


– Жақын көрші болғандықтан және ортақ құндылықтарымызға мән бере отырып, өзара ықпалдастықты, әсіресе сауда-экономикалық салада кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін айтқым келеді. Бұдан бөлек азаматтарымыздың арасындағы қатынастар да маңызды рөл атқарады. Моңғолияда тұратын жүз мыңнан астам этникалық қазақ – халықтарымыз арасындағы достықтың алтын көпірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы Грекиямен арадағы ынтымақтастықтың ұдайы кеңейіп келе жатқанын атап өтіп, бұл ел Қазақстанның Еуропа Одағындағы және Жерорта теңізі аумағындағы маңызды серіктесі екеніне тоқталды.


– Қазақстандағы он мыңдаған грек диаспорасы біздің халықтарымыз арасындағы мәңгілік достық пен өзара тиімді іс-қимылдың символы саналады. Біз, әсіресе ауыл шаруашылығы, туризм және құрылыс салаларындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдаланамыз деп үміттенемін, – деді Президент.


Мемлекет басшысы Индонезиямен тығыз қарым-қатынасты дамыту Қазақстанның Онтүстік-Шығыс Азиядағы сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін айтты.


– Біз екіжақты және көпжақты негізде ортақ мүдделері бар серіктеспіз. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы Қазақстанның негізгі рөлі АСЕАН елдерімен, соның ішінде Индонезиямен ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Президент.


Мемлекет басшысы Мароккомен қарым-қатынастар туралы айта келе, бұл елмен арадағы ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның Батыс Африкадағы стартегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Біз инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру және екіжақты сауда-саттықты кеңейту үшін Мароккомен өзара күш біріктіруге дайынбыз, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев Канаданың Батыс жарты шардағы Қазақстанның сенімді әрі жақын серіктесі екеніне ерекше тоқталып, сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қамтамасыз ету ісіндегі табысты ынтымақтастықты атап өтті.


– Қазақстан мен Канада – халқы аз болғанымен, ірі мемлекеттер. Біздің ұлттық байланыстарды дамыту және өңірлік теңгерімділікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріміз ортақ. Мен тау-кен өндіру және ауыр өнеркәсіп,  ауыл шаруашылығы мен жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым және ақылды қалалар, ақпараттық технологиялар мен аэроғарыш салаларында көптеген мүмкіндіктер бар екенін білемін, – деді Президент.


Қазақстан Президенті Израиль елшісіне екі елдің берік адами байланыстарға, жан-жақты ынтымақтастыққа, ортақ құныдылықтар мен өзара мүдделерге негізделген жақсы қарым-қатынастарды тұрақты сақтап келе жатқанын атап өтті.


– Барлық деңгейдегі қарқынды іс-қимылдар, соның ішінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиядағы ықпалдастық, серіктестігімізге жаңа мүмкіндіктер ашып, өзара игілімізге қызмет етеді. Қазақстан сіздің елмен арадағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге, әсіресе білім беру, өнеркәсіптік өндіріс, жоғары технологиялар және басқа да салалардағы байланыстарды нығайтуға ниетті, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанмен арада берік тарихи-мәдени байланыстарға, сондай-ақ ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген шынайы стратегиялық серіктестіктің орнағанын ризашылықпен атап өтті. 


– Біздің елдеріміз қарқынды дамып келе жатқан екі нарықтың ортасында өте тиімді орналасқан. Атап айтқанда, аумағымыз бір жағынан, Еуразия аймағын, екінші жағынан Еуропа одағын қамтиды. Мұның бізге пайдасы зор. Осының арқасында біздің кәсіпорындарымызға әртүрлі сала бойынша ынтымақтастық орнату үшін мол мүмкіндіктерге жол ашылады. Бүгінде энергетика, көлік және логистика, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларында жемісті қарым-қатынас жасап келеміз. Біз ауыл шаруашылығы, «жасыл» экономика, атом энергетикасы, орнықты өнеркәсіп, цифрландыру және қаржы салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Қазақстан Президенті  дипломаттарға табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.