09 қыр, 2022 сағат 14:12

Тоқаев ІІ Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Королі ІІІ Карлға анасы II Елизавета Патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Король ІІІ Карлдың, корольдік отбасы мен барлық британдықтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета Патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.

"Оның даналыққа, мейірімге және жігерге толы басшылығы Біріккен Корольдіктің одан да тұрақты, алуан түрлі және өркендеген қоғам құру жолында қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Ол халықаралық қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетуде көшбасшы болды. Оның тектілігі, қадір-қасиеті мен орасан зор жетістігі әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре түсетініне, ал мол мұрасы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенімдімін", – деп жазылған Қазақстан Президентінің жеделхатында.