ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне микрочиптер мен компьютерлік элементтерді бірлесіп шығаруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үшінші жыл қатарынан цифрлық өнімдер мен электронды қызметтерге теңдессіз сұраныстың орын алғанына куә болып отырмыз. Бұған қоса, тек қана эксклюзивті, инновациялық технологиялық шешімдерге ғана емес, сонымен бірге қарапайым цифрлық шығыс материалдарға да күрес жүріп жатыр. Қазірдің өзінде машина жасау әлемдік нарығында микрочиптер мен компьютерлік элементтердің жетіспеушілігі салдарынан жүйелі іркілістер орын алуда»,- деді ҚР Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.
Мемлекет басшысы ЕАЭО елдерінің де машина жасау саласы осындай проблемаға тап болып отырғандығын баса айтты.
«Осыған байланысты Үкіметтерімізге ғылыми-зерттеу инститтарының жәрдемімен машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік элементтер шығару бойынша бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтау қажет. Кәсіпорындарымыздың қажеттілігін толық көлемде қанағаттандыратын, ал одан кейін экспортты жолға қоюға мүмкіндік беретін өндірістік база құру талап етіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.