30 шіл, 2021 сағат 09:11

Тоқаев Дінішевке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев КСРО халық әртісі, қазақ халқының танымал әншісі Әлібек Дінішевке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


"Отандық мәдениетті дамыту мен музыка өнерін дәріптеудегі айрықша еңбегі үшін Әлібек Мұсаұлы Дінішевке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілсін", - деп жазылған Жарлықта.


Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


Танымал тенор


ҚазКСР және КСРО халық әртісі, танымал тенор Әлібек Дінішев 1951 жылы 30 шілде күні Алматыда дүниеге келген. Кей деректерде 7 шілде деп жазады.


Ата-анасы болашақ жұлдызды Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектепке оқуға берді. Ол аккордеон аспабында ойнауды игеруге кірісті. Сонымен қатар өзі оқитын №33 мектептің көркем үйірмесінде ән айтуға машықтанды, жарыстарда бірінші орындарды жеңіп алып жүрді.


8-сыныпты аяқтаған соң музыкалық мектептен П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищеге түсті. 1970 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал факультетіне қабылданды. 1976 жылы Әлібек Дінішев консерваториядағы оқуын тәмамдап, Жамбыл атындағы Қазақ филармониясында әншілікке кірісті. Ол 1977 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен вокалистердің халықаралық конкурсына қатысты.


1978 жылы ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды.