11 нау, 2026 сағат 11:15

Тоқаев Денсаулық сақтау министрін қабылдады: өлім-жітім азайып, онкологиялық қызмет күшейтілуде

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында министр Президентке денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайы мен саланы дамыту перспективалары туралы есеп берді.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, елдегі негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарған. Атап айтқанда, жалпы және нәрестелер өлімі 15,3 пайызға төмендеген. Сонымен қатар Қазақстанда жұқпалы емес аурулардан мерзімінен бұрын қайтыс болғандар саны 25 пайызға азайып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген мақсатты көрсеткішке қол жеткізілген.

Министр медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру, скрининг бағдарламаларын кеңейту және ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жаңғырту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Онкологиялық қызметті дамыту шаралары да жалғасып келеді. Астана қаласындағы жаңа онкологиялық кешен базасында Протонды терапия орталығы ашылған. Сондай-ақ Қызылорда және Ақтау қалаларында екі жаңа ПЭТ/КТ кешені іске қосылды. Бұдан бөлек, барлық өңірде сарапшылық эндоскопия орталықтарының жұмысы жолға қойылып, Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен аймақтардағы бірқатар медициналық нысанның құрылысы аяқталған.

Кездесуде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаржыны бақылауды күшейту мәселесі де көтерілді. Бұл бағытта қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жүйесін автоматтандыру және медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отыр.

Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жекелеген ақпараттық жүйелерді E-Densaulyq платформасына біріктіру қолға алынған.

Сонымен қатар соңғы екі жылда фармацевтика өнеркәсібіне тартылған инвестициялар көлемі 2,3 есеге, ал дәрі-дәрмек экспорты 1,9 есеге артқан. Дәрілік заттардың 400-ден астам түрін өндіру бойынша жалпы құны 316,3 миллиард теңгеге бағаланатын алты инвестициялық келісім жасалған.

Кездесу соңында Президент медициналық қызмет сапасын арттыру, саладағы қаржылық тәртіпті күшейту, медицина мамандарын даярлау жүйесін жетілдіру, цифрлық жаңғыртуды жеделдету және отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.