21 мау, 2019 сағат 15:34

Тоқаев: Бұл - «қазақстандық даму» жолын анықтаған ел тарихындағы аса маңызды кезең

Қасым-Жомарт Тоқаев «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты Халықаралық ғылыми конференцияға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Алматы қаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік қызметке келгеніне 30 жыл толу мерейтойына арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияда сөйлеген сөзінде тәуелсіз Қазақстанның тарихы, шын мәнінде, мемлекетіміздің негізін қалаушы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылық тарихы екенін атап өтті.

– Бұл жай ғана мерейтойлық дата емес, «қазақстандық даму» жолын анықтаған ел тарихындағы аса маңызды кезең болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының басшылығымен посткеңестік кеңістікте ең табысты мемлекеттік құрылыс жобасы жүзеге асырылғанын шетелдік сарапшылардың мойындайтынын айтты. Баяндамада айтылғандай, инфляцияның шарықтаған, кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған, тауарлардың жаппай тапшылығы күшейген кездегі посткеңестік экономиканың қирандысының орнына әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына қосылған күшті мемлекет құрылды.

Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық қатынастардың негізгі факторларына айналған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы сияқты Елбасының сыртқы саясаттағы бастамаларына жан-жақты тоқталды.

– Қазақстан орасан зор ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Жер бетіндегі ірі ядролық полигондардың бірін жапты. Елбасы әлемдік дипломатия тарихына жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде енді. Тұңғыш Президент қана Қазақстанның астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әзірге осы мыңжылдықтағы алғашқы әрі жалғыз саммитін өткізіп, еуразиялық қауіпсіздік декларациясын қабылдады. Елбасы әлемнің ең биік мінберлерінен халықаралық қатынастарды түбегейлі реформалауға бағытталған ұсыныстарын жеткізді,  –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы сөзінің соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған елінің адал перзенті әрі жаһандық деңгейдегі саясаткер екенін атап өтті.

Конференция қатысушылардың алдында сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та сөйледі.     

Халықаралық конференцияның пленарлық отырысына «Жаңару» жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының жетекшісі, Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының мүшесі Оралбай Әбдікәрімов, Ресей ғылым академиясының Жалпы тарих институтының директоры Михаил Липкин, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Шанхай қоғамдық ғылым академиясының Ресей және Орталық Азия зерттеу орталығының директоры Давэй Пан, Өзбекстан Президенті жанындағы стратегиялар және аймақаралық зерттеулер институтының директоры Элдор Тахиров, Қырғыз Республикасының экс-Мемлекеттік хатшысы Османқұн Ибраимов, Америкалық саясаттанушы және журналист Ариэль Коэн, Әзірбайжан Республикасының Милли Мәжілісінің депутаты, Әзербайжан мемлекеттік басқару академиясының жанындағы саяси зерттеулер институтының директоры Эльман Насиров, «Валдай» халықаралық пікірталас клубының бағдарламалық директоры, Ресей СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) халықаралық зерттеулер институтының директоры Андрей Сушенцов, Мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Чердабаев қатысты.