Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жоспарына наразылық білдірген халықтың пікіріне құлақ асты.
"Президент Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақ үйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, Үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді", - деп жазды мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасына.
Айта кетейік, қазақстандықтар әлеуметтік желі арқылы Бозжырада қонақ үй салуға жаппай наразылық білдірді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазақстандықтардың үндеуіне жауап ретінде елдің табиғи байлықтарын түгел және қауіпсіз сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға ведомство да мүдделі екенін мәлімдеді.
"Осыған байланысты Маңғыстау облысындағы Бозжыра табиғи аймағындағы бұл құрылыс нысаны қоғамдық тыңдаулардан, экологиялық сараптамадан, оның ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалаудан өтуі тиіс", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Министрлік құрылыс ережесінің сақталуына және жобаны сараптамадан өткізуге жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер жауап беретінін атап өтті.
Бозжыра жергілікті маңызы бар "Жабай ұшқан" кіші қорығының аумағында орналасқан.
"Жабай ұшқан" кіші қорығы Маңғыстау облысы әкімінің 2012 жылғы қаулысына сәйкес құрылған және Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының "Қызылсай" мемлекеттік аймақтық табиғи паркіне қарайды.