Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет 2020 жылы бюджет саласындағы 883 мың қызметкердің еңбекақысын өсірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталмыш мәлімет Мемлекет басшысының Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдауында айтылды.
«Атап айтқанда 609 мың педагогтың жалақысы 25 пайызға, 215 мың медицина қызметкерінің еңбекақысы 30 пайызға дейін, мәдениет, архив және өнер саласындағы 34 мың қызметкер мен әлеуметтік қорғау саласындағы 25 мың қызметкердің жалақысы 50 пайызға дейін көбейген. Президент биыл да бюджет саласындағы 1 миллион 70 мың қызметкердің еңбекақысын, оның ішінде, 785 мың педагогтың жалақысын 25 пайызға, 247 мың медицина қызметкерінің еңбекақысын 30 пайызға, әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік-медициналық мекемелердің 38 мың қызметкерінің жалақысын 45 пайызға дейін арттыру жұмысын жалғастыру аса маңызды міндет деп есептейді», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Асқар Мамин Президентке еліміздегі санитарлық-эпидемиялық ахуал мен әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері туралы баяндады.