Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту бағыттарын, оның ішінде Қазақстан Президентінің былтыр қазанда Ашхабадқа жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Президенттер өзара сауда-саттық көлемінің артқанына, энергетика, көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың жанданғанына көңілі толатынын айтты. Әңгімелесу барысында қос мемлекет басшысы бауырлас екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президентіне шынайы құрметін білдіріп, Гурбангулы Бердімұхамедовтің кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстан басшысының саяси әрі өмірлік мол тәжірибесі осы мемлекеттің өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз.
741 рет оқылды