Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Жиынға зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары және жастар өкілдері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Мемлекет басшысы өңірдің елімізді өркендетуге қосқан үлесі мен даму ерекшеліктеріне тоқталды.
– Қазақстанның дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды өлкеге ерекше көңіл бөлінеді. Облыстың географиялық жағдайы, табиғи байлығы мен өндірістік базасы өңірдің өркендеуіне қолайлы. Бүгінде Ақжайық аймағы біраз салалар бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары өңірде агроөндірістік кешенді дамыту үшін Үкімет пен жергілікті әкімдікке тапсырма берді.
– Ет экспортының көрсеткіші өте жақсы. Дегенмен, осы саладағы еңбек өнімділігі төмендеген. Бұл мәселені Үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде шешу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті облыста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының қарқынын арттыруды тапсырды.
– Шетелдік инвестиция есебінен екі бірдей алыс ауданның орталығына дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу жұмыстары басталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Әкімдікке Жастар жылы аясында барлық аудандарды осындай дене шынықтыру кешендерімен қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру қажет. Құрылыс барысын қатаң бақылауды облыс әкіміне тапсырамын. Әлеуметтік жағдайы нашар және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуды жүйелі түрде реттеу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі ауыз су мәселесін шұғыл шешу қажеттігін атап өтті.
– Таза ауызсу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Елді мекендердің 45 пайызы ғана орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, 2020 жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы аймақтың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше тоқталып, жергілікті жолдардың сапасын арттырудың маңызды екенін атап өтті.
– Өңірдегі жол проблемасы әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Облыстық маңызы бар жолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейді. Бұл азаматтардың күнделікті өмірінде қиындық туғызады, сонымен қатар, өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін төмендетеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Орынбор тас жолын жөндеу жұмыстары, оңтүстіктегі – Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында жол құрылысы басталғанын білемін. Үкіметке жергілікті әкімдікпен бірлесіп, 2021 жылдың соңына дейін осы жұмыстарды аяқтауды тапсырамын. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы облыстағы тозығы жеткен электр желілеріне назар аударды.
– Облыстың электр желілері тозған. Сол себепті аудандарда жарықтың жиі сөнуі байқалады. Мұндай өзекті мәселелер шешілмей, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу туралы ойлауға бола ма? Осы проблемаларды Үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде шешуді қолға алу керек, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашықтық пен жариялылықты одан әрі дамытуды тапсырды.
– Барлық деңгейдегі әкімдер азаматтардың өтініштеріне дер кезінде, кідіріссіз жауап беруі қажет. «Ашық әкімдік» жобасы – осы үшін жасалған алғашқы қадам. Мемлекеттік органдардың жұмысы «қызмет үшін адам» емес, «адам үшін қызмет» қағидатына бейімделуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын соңында, Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Стройкомбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Б.Нұрбаевты, «Автокомбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры В.Голоуховты, Облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Н.Дмитриенконы және Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Г.Нұғманованы алғыс хаттармен марапаттады.