Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия аймағының жағдайы мен осы өңірдің әлеуетіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің кәсіби мансабым Азия аймағымен тікелей байланысты болды, яғни осы аумақта ұзақ уақыт оқуда болдым әрі қызмет еттім. Сонда осы ежелгі, ерекше әрі ұлы мәдениетке және өркениетке шынайы құрметпен қарадым. Сондықтан Азия өңірі және онымен байланысты барлық жағдай менің тыңғылықты назарымда. Сонымен қатар, халықаралық сарапшылар Азия ғасырының келгенін мойындады», - деді Президент «Мир» телеарнасына берген сұхбатында.
Осы орайда Мемлекет басшысы Азия аймағында ірі ұлттық экономикалар орналасқанын, Азия елдері халықаралық сауда мен технологиялық революцияны, инвестицияны ынталандырып отырғандығындығын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайға пікір білдірді. Жаһандық ойыншылар арасындағы бәсекелестік, тарихтың күрделі кезеңдерін түсіндіру мен шекаралар айналасындағы даулар, сондай-ақ қазіргі әлемдегі пандемияның таралу қаупі мен осы індеттің кері салдары және өзге де факторлар тұрақсыз континенталдық қарқынды қалыптастырып жатыр.
Өзара сенімнің жетіспеуінің жарқын үлгісі ретінде сауда, валюта әрі технологиялық мәселелер бойынша қытайлық-америкалық дауларды атап өтуге болады. Бұл ахуал Қытай мен АҚШ арасындағы геосаяси қатынастар сапасына, аймақтық қаупсіздік мәселелеріне және басқа да салаларға тікелей әсер етеді.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның үнемі алдын алу допломатиясын ұстанып келгенін және бұл ұстанымды жалғастыратынын атап өтті.
«Шығыста тиімді қауіпсіздік архитектурасын құру Батыспен өзара іс-қимылсыз мүмкін емес екені анық. Қазақстан бірнеше мәрте Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен ЕҚЫҰ арасында өзара әрекеттесуді реттеуді ұсынды, яғни бұл қадам игі істер үшін қос форумның әлеуетін пайдалануға керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Президент Қазақстан әрбір елдің ұлттық егемендігін құрметтеуді, дауларды бейбіт жолмен шешуді басты назарға алатынын қадап айтты.